АО “Казахстанский институт развития индустрии” От Стратегического Консалтинга до Отраслевых Решений

Өнеркәсіпке қандай көмек көрсетіледі?

Опубликовано: 07 Сентября, 2018г. 7:25 | 113

Өнеркәсіпке қандай көмек көрсетіледі?

Маңғыстау облысы әкімдігі ғимаратында өлке кәсіпкерлеріне мемлекеттің «Өнімділік-2020» бағдарламасының тиімділігі мен мүмкіндіктері түсіндірілді. Ол үшін Маңғыстауға «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамының бас сарапшысы Данара Оразалинова арнайы келді.

Данара Қаршығайқызы облыс кәсіпкерлері мен өндіріс мекемелерінің басшыларына мемлекеттің қолдауымен жүргізіліп отырған «Өнімділік-2020» бағдарламасына қалай өтінім беруге болатыны, нендей құжаттардың талап етілетіні және қандай қаржылық қолдау көрсетілетіні туралы егжей-тегжей айтып берді.

Жалпы елдегі өндірісті дамыту тек біздің мемлекет үшін ғана емес әлем елдері үшін маңызды. Өйткені әлі күнге дейін жеңіл және орта өндіріс орындары — экономиканың негізгі күші. Сондықтан Қазақстан өзінің экономикалық әлеуетін арттырып, алпауыт елге айналу үшін өнеркәсіпке ерекше көңіл бөледі. Соның негізінде 2011 жылы елімізде «Өнімділік-2020» бағдарламасы қабылданып, 2011-2015 жылдар аралығында пилоттық жоба ретінде жұмыс істеді. 2015 жылдан бастап кәсіпкерлер мен өндіріс мекемелеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. 2015 жылдан бері еліміздегі 100-ден аса кәсіпорын бағдарламаның игілігін көріп, инновациялық гранттар, ұзақ мерзімді лизингті қаржыландыру, шығынның бір бөлігін төлеу сияқты қызметтерді қолданған.

Ал Маңғыстауда 2011 жылдан бері 10 кәсіпорын өтініш білдіріп, соның бесеуі мемлекеттік қолдауға ие болған. Олардың қатарында «Каскор-Машзавод» акционерлік қоғамы, «Каспи Пласт», «Arcelor Mittal Tubular Products Aktau» сияқты ірі кәсіпорындар бар. Мемлекеттік қолдауды кім ала алады? Мемлекеттік қолдау агроөнеркәсіптік кешенге, тау-кен өндіру өнеркәсібіне, жеңіл және ағаш өңдеу, химия және фармацевтика өндірісіне, құрылыс материалдары мен өзге де металл емес минералды өнімдер өндіру ісіне, металлургия, металл өңдеу, машина жасау өнеркәсібіне көрсетіледі. Айта кету керек, аталған субъекті экономиканың басым секторында кем дегенде 1 жыл жұмыс істеуі керек.

Мемлекет шығынның қандай түрлерін өтейді?

Өнеркәсіптегі техникаларды бағдарламалау, монтаждау жұмыстарына кеткен шығынды мемлекет өтейді немесе қаржыландырады. Алайда өнеркәсіп үшін сатып алынған техникалық құралдардың шығынын өтемейді. Сондай-ақ, өнеркәсіптегі мамандардың біліктілігін арттыру, оқыту, қайта оқытуына кеткен қаражатты мемлекет төлейді. Өнеркәсіп жұмысын жақсарту мақсатында шет елден шақыртылған сарапшылар шығынын да мемлекет мойнына алады. Бірақ жоғарыда тізбектелген қызметтің барлығы келісімшарт арқылы орындалған болуы керек.

Мемлекеттік қолдау негізінде атқарылған жұмыстың 40 пайыз шығынының орны толтырылады. Десе де бұл сома 60 миллион теңгеден аспауы керек. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Биыл Ақтаудағы зияткерлік мектепке 100 бала қабылданды Сонымен қатар мемлекеттің де осы бағдарламаны қолданғысы келетін тарапқа, кәсіпорын иелеріне қоятын талаптары бар. Мысалы, кәсіпорын өзі ұсынып отырған қызметті 2 жыл бойы жүзеге асырған болуы тиіс, қызмет көрсету үшін алынған штаттық немесе штаттан тыс жұмыс істейтін мамандарының жоғары білімі болуы керек. Алайда, «Қазақстандық индустирия дамыту институты» акционерлік қоғамының бас сарапшысы Данара Оразалиеваның айтуынша, алдағы қазан айынан бастап қажетті құжаттар тізімі азаяды.

Кездесуге келген отызға жуық кәсіпкердің «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?!» — деп, таңғалғаны да жасырын емес. Елордадан келген бас сарапшы жыл сайын өнеркәсіпті дамыту үшін қаржы бөлінетіні туралы айтты. Мысалы, биыл осы мақсатта 700 миллион теңге бөлінген. Қазір соның 328 миллион теңгесі ғана игерілген.

Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорыннан мемлекет не талап етеді?

Бұл бағдарламаға ие болған кәсіпорын алған ақшасын қайтармайды. Тіпті, бірнеше жылға несиеге де бермейді. Бұл дегеніңіз, қарапайым тілмен айтсар болсақ, өз өнеркәсібіңізді ашып, ел экономикасын көтеру жолында мемлекетке көмек көрсеткеніңіз үшін берілетін қаржылай қолдау. Тек мемлекет кәсіпорынан бір нәрсені ғана талап етеді. Ол — белгілі мерзім бойынша кәсіпорынның статистикасымен бөлісіп отыру. Өтінім білдіру үшін www.kidi.gov.kz сайтына кіруге немесе +7(7172) 79 99 21, 79 99 22 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Барлық құқықтар қорғалған. mangystaumedia.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
https://mangystaumedia.kz/07/60520/

Источник: mangystaumedia.kz

Хотите всегда быть в курсе событий индустриализации в стране и мире?
Подписывайтесь на наш канал в Telegram