АО “Казахстанский центр индустрии и экспорта” От Стратегического Консалтинга до Отраслевых Решений

«Өңдеуші өнеркәсіптің инвестициялық тартымдылығы артты» в газете «Айқын»

Опубликовано: 05 Октября, 2017г. 16:30 | 452

Экономикамыздың түрлі салалары, оның ішінде қызмет көрсетуден бастап, әлеуметтік қамтамасыз ету, ІТ мен аграрлық секторға дейін өнеркәсіпке арқа сүйейді. Ол неғұрлым күрделі әрі әртүрлі салалардан тұратын болса, экономиканың да тұрақтылығы сақталады. Елімізде 2010 жылдан бастап индустриялық саясатты толық іске асыруға көңіл бөлінуде. Экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны әртараптандыру мақсатында Мемлекет басшысы алға қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын индустрияландыру бесжылдықтарының алғашқы кезеңдері де сол кездері басталған еді.

Индустрияландыру – ин­вес­тиция тарту, өнеркәсіп секторы үшін қаражат көзін қолжетімді ету, ішкі және сыртқы нарық­тарда сауатты сауда жүргізу, стан­дарттау, сапалы адами капиталды қалып­тастыру, технологиялардың қол­жетім­ділігі сияқты кешенді мәселелердің шешілуін қамтитын аса күрделі міндет. Енді сол мін­дет­ті іске асыру мақсатында қабыл­дан­ған индус­триялық-инновация­лық дамыту бағ­­­дарламасы қандай нәтижелерге жетке­ніне тоқталып өтсек.

Бірінші бесжылдық ішінде Қазақстанда индустрияландыру үшін заң мен инфра­құ­ры­лым саласында және бизнесті қолдауға арналған құралдар негізінде базалық жағдайлар жасалды. Атап айтқанда, жаңадан құрылған заңнамалық база ая­сын­да 50-ге жуық заңдар өзгертіліп, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Энер­гия тиімділігі және энергияны үнем­деу тура­лы» 3 жаңа заң қабылданды. Одан бөлек, экономиканың басым секторларын дамыту мақсатында 23 салалық бағдар­лама, нақты секторды дамыту мәселелері ескерілген 16 аймақтарды дамыту бағдар­ламасы өз жұмысын бастады.
Өнеркәсіптің алға жылжуына көп жағдайда аймақтағы инфрақұрылымның жоқтығы кедергі болады. Осы мақсатта ел эко­номикасын индустрияландыруға ба­ғыт­­талған іс-шаралар бойынша инфра­құ­ры­­лымдық шектеулер жойылды. Оның ішін­де энергия тапшылығы мәселесі толық шешіліп, 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары салынды және қайта жөндеуден өтті. Оған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Орталық – Оңтүстік» және «Орталық – Шығыс» атты 2 транзит­тік дәліз мысал бола алады.
Экономиканың қантамыры саналатын теміржол саласын­да да оң өзгерістерге куә болдық. Атап айт­­қанда, Үзен – Түркіменстанмен мем­ле­кет­тік шекара, Жетіген – Қорғас, Бейнеу – Жезқазған, Арқалық – Шұбаркөл ба­ғыт­та­рында 1 700 шақырым теміржол салын­ды.
Индустрияландыру барысында жеткен тағы бір жетістіктердің бірі – арнайы эконо­ми­калық аймақтардың құрылып, олардың толыққанды жұмыс істеуі. Қазір елімізде 10 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Ар­найы экономикалық аймақ­тарды құрған сәттен бастап 651 млрд теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қо­сыл­ды, 11 мыңнан ас­там жұмыс орны құрылды. Дәл сол секіл­­ді индустриялық аймақтарда да 100 млрд теңге жұмсалған 113 жоба жұмысын бас­тап, шамамен 8 мың жұмысшы еңбек етуге мүмкіндік алды.
Бизнеске қолдау көрсету мақсатында «Өнімділік – 2020», «Инвестор – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және т.б. сияқты бағдарламалар қабылданды. Кә­сіп­керлікті қолдау мақсатында жеңіл­дік­пен берілетін кредиттер мен лизинг, инно­ва­циялық, экспорттық гранттар, сервистік қолдау және т.б. құралдар жұмыс істейді. Нәти­жесінде, кәсіпкерлер 100-ге жуық қол­дау құралдарының қызметін пайдалана алады. Әрине, ол бизнестің белсенділігін арттыруға оң әсер етті. Оны өңдеуші өнер­кәсіпте жұмыс істейтін кәсіпорындар саны­ның артқанынан да байқай аламыз. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы бойын­ша осы сектордағы субъектілер саны 2010 жылмен салыстырғанда 28 пайызға, яғни 13,8 мыңға дейін өскен. Шағын және орта бизнестің ІЖӨ құрылы­мындағы үлесі аталған алты жыл ішінде 20,6 пайыздан 26,8 пайызға дейін ұлғайды.
Тәуелсіздік алғалы бері экономика­мыз­ды алға жетелеуші локомотив тау-кен өнеркәсібі болса, ендігі жерде оны өңдеуші өнеркәсіп басып озып барады. Сөзімізді статистика комитетінің мәліметтері дәлел­дей түссін. Дағдарысқа дейінгі 2008 жыл­мен салыстырғанда 2016 жылы өңдеу­ші са­ла­лардың өсімі 25,2 пайызға жетті, ал тау-кен өнеркәсібі 13,9 пайызға ғана өс­кен.
Индустрияландыру саясатының арқа­сын­да өңдеуші өнеркәсіптің инвестиция­лық тартымдылығы арта түсті. Ұлттық банк­тің мәліметтері 2005-2009 жылдары тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) 7 пайызы ғана өңдеу секторына салын­ғаны дәлел. Бірақ бірінші бесжылдық нәти­же­сін­де, ТШИ-дағы өңдеуші өнер­кәсіптің үлесі – 14 пайызға, ал екінші бесжыл­дық­тың басынан бері 19 пайызға дейін өсті.
Өңдеуші сектордағы ірі және орташа кәсіпорындарының еңбек өнімділігі 2010-2016 жылдары 2 есе өсіп, адам басына 38,9 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Одан бөлек, аталған салада 26 жаңа сектор пайда болды. Осының арқасында еліміздің көп­те­ген өңірлерінде жұмыспен қамтуды және экономиканың тұрақтылығын қам­та­­­масыз еткен жаңа индустриялық база қалыптасқаны жасырын емес. Оған 2010 жылдан бері жүзеге асырылған құны 5,1 трлн теңгелік 1060 жоба дәлел. Себебі, осы жобалардың арқасында 100,2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде катод­тық мысты өндіретін Бозшакөл КБК, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Talgo жолау­шылар вагондарының өндірісі сияқты ірі жобалар да бар.
Индустрияландыру картасы бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген 500-ге жуық жаңа өнім түрлерін игеруге септігін тигізді. Бұл жүк және жолаушылар тасушы вагондары, электровоздар, жүк тасушы, жеңіл автомобильдер мен автобустар, жарықдиодты шамдар, титан құймалары, слябтар және т.б.
Жоғарыда аталған факторлардың бар­лығы ел экономикасының әртүрлі сала­лар негізінде дамуына, тұрақтылығын сақтап қалуына және күрделілігінің артуына әсер етеді. Мысалы, Гарвард уни­вер­ситетінің экономиканың техноло­гия­лық күрделілігі индексіне сәйкес, Қазақстан 2010-2015 жылдары ішінде 14-орынға көтерілді – 92-ден 78-орынға дейін көтерілді. Бұл әлем нарығында бәсекеге қабілетті түрлі тауар­лар­ды көбі­рек өндіріп, экспорттай бас­та­ға­ны­мыз­ды білдіреді. Олардың қатарында титан, жазық прокат, мыстан жасалған бұйымдар, бу турбиналары, радиаторлар, сусындар, кондитер бұйымдары және т.б. тауар түрлері бар. Жалпы, бүгінде Қазақ­станның өңдеуші өнеркәсіп өнімі 110 елге экспортталғанын айтып өту сөзіміздің салмағын арттыра түспек.
Ендігі кезекте алдымызда 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдықты сәтті аяқтау мақсаты тұр. Келесі кезеңде өңдеуші өнер­кәсіпті дамытуда экспортты ұлғайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Дегенмен бір нәрсені мойындаған абзал. Экономиканы әр­та­рап­­тандыру – ұзақмерзімді процесс. Ко­рей даму институтының (KDI) зерт­теу­леріне сәйкес, тіпті шикізат ресурстарына тәуелді емес экономиканы әртараптандыру 25-30 жылға созылады екен. Кейбір батыс елдерінде де ол жарты ғасырға жуық уақыт­ты алған, ал индустрияландыру ең жыл­дам өткен Оңтүстік Кореяның өзінде бұл процесс 19 жылға созылды. Демек, ин­дус­трияландыру – экономиканы әр­тарап­тандыру саясатының тек қана бір бөлігі. Өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту экономикаға тұрақтылық береді және шикізат бағасына тәуелділігін төмендетеді, ал кәсіпорындар өнімділігінің өсуі – басқа секторлардың да бәсекеге қабілеттілігін арттыратын қозғаушы күш.

Марат ИДРИСОВ, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ИНДУСТРИЯНЫ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары

Источник: aikyn.kz

Хотите всегда быть в курсе событий индустриализации в стране и мире?
Подписывайтесь на наш канал в Telegram